Ережелер мен талаптар, кезеңдер

Тағдырыңызды әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчері мамандығымен байланыстырғыңыз келсе, әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін іріктеу бойынша тестілеуге және бастапқы даярлау курсын оқыту конкурсына қатысуға шақырамыз.

Төменде қағидалар мен үміткерлерге қойылатын жалпы талаптар, сондай-ақ тестілеу кезеңдері ұсынылған:

  • «Қазаэронавигация» РМК-да «Әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчері» мамандығы бойынша бастапқы даярлау курсын оқыту үшін үміткерлерді қабылдау конкурстық негізде азаматтардың осы веб-сайт арқылы берілген электрондық өтініштері бойынша жүргізіледі;
  • Үміткер дұрыс мәліметтер беруге жауапты.  Жалған мәліметтер ұсынған жағдайда, үміткер әрі қарай тестілеуге жіберілмейді, комиссияға тапсырылған құжаттар қайтарылмайды;
  • Үміткерлерді іріктеу оқытудың тиісті бағдарламасын меңгеру қабілеттерін анықтау мақсатында өткізілетін тестілеудің барлық кезеңдерінің нәтижелері, сондай-ақ бұл талаптар міндетті болып табылатын мамандарға қатысты медициналық және психофизиологиялық қорытынды нәтижесі  бойынша жүргізіледі.
  • Іріктеу тестілеуі әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін бастапқы даярлау курсының үміткерлеріне қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келетін пәндер бойынша бірнеше кезеңмен жүргізіледі.

 

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

  • Қазақстан Республикасының азаматтығы;
  • жасы 21-ден жоғары, бірақ 27-ден аспаған;
  • жоғары білім (техникалық білімі болғаны дұрыс);
  • Кәсіби дайындау орталығында ағылшын тілінің деңгейін тестілеу нәтижесіне сәйкес Intermediate-тен төмен болмауға (немесе ИКАО-ның 4 деңгейінен төмен емес сертификаты болуға) тиіс;
  • денсаулық жағдайы дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясының қорытындысына сәйкес болуға тиіс;
  • дәрігерлік ұшу-сараптамалық комиссиясы психотерапевтісінің қорытындысы бойынша психофизиологиялық тексеру талаптарына сәйкес келуі тиіс;
  • авиациялық саланың және әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчері мамандығының ерекшеліктерін түсіну.

 

Кәсіби маңызды қасиеттері:

  • жылдам және логикалық ойлау;
  • жадының жақсы болуы;
  • эмоциялық бекемдік;
  • нақты көзбен шамалай алу;
  • байқампаздық;
  • талаптарға сәйкес келетін физикалық денсаулық.

 

Тестілеу және іріктеу тестілеуі 4 кезеңнен тұрады:

1) Веб-сайт арқылы өтініш беру және ағылшын тілі бойынша онлайн тестілеу:

- болашақ диспетчер мамандығымен танысу, оның ішінде мамандық туралы фильм және ойын түріндегі компьютерлік тестілер қарау;

- электрондық пішімде өтініш беру;

- ағылшын тілі бойынша онлайн тестілеу грамматиканы тестілеу            (20 минут) және эссе жазудан (60 минут) тұрады.

 

2) Бірінші кезеңнен сәтті өткен жағдайда, үміткер «Қазаэронавигация» РМК-да әңгімелесуге және көзбе-көз тестілеуден өтуге шақырылады:

- "Қазаэронавигация" РМК қызметкерлерді оқытуды ұйымдастыру бөлімінің мамандарымен әңгімелесу;

- нұсқаушымен ағылшын тілінен тест тапсыру екі бөлімнен тұрады: ListeningTest және GrammarTest. Тест орындар алдында үміткерге қажетті материалдар беріледі. Тест орындауға тұтастай 60 минут бөлінеді. Үміткердің Intermediate төмен емес ағылшын тілі деңгейін көрсеткен тестілеуі сәтті өтті деп саналады;

- абстрактілі және кеңістікті ойлауға тест. Абстактілі ойлау бойынша тест тапсырмаларының (сұрақтарының) саны – 50, кеңістіктік ойлау бойынша – 60. Әрбір тест тапсырмасының дұрыс жауабы 1 балмен бағаланады, әрбір тест бойынша тестілеуге 30 минут бөлінеді. Екі тест бойынша да сұрақтардың жалпы санының 70%-нан астамына дұрыс жауап берілген  тестілеу сәтті өтті деп саналады.

- тестілеуден сәтті өткеннен кейін үміткер өзінің кәсіби-маңызды психофизиологиялық қасиеттерінің деңгейі бойынша таңдалған авиациялық кәсіпті белгіленген мерзімде игере алатын және әрі қарай өзінің кәсіби міндеттерін тиімді орындай алатын тұлғаларды іріктеуге бағытталған әдістемелік, ұйымдастырушылық және техникалық шаралар кешенін білдіретін психофизиологиялық тексеруден/кәсіби психофизиологиялық іріктеуден өтуге жіберіледі.

 

Диспетчерлікке үміткерді психофизиологиялық тексеру әдістері:

  • жедел жадының деңгейін бағалау шкаласы;
  • бағыттарды белгілеу – кеңістіктік ойлау, кедергіге төзімділік деңгейін бағалау;
  • диктант – жазу жылдамдығын және жедел жадын бағалау;
  • ойлау икемділігі мен жеделдігін бағалау;
  • Равен кестесі – ақпаратты логикалық өңдеу, кеңістіктік ойлау ерекшеліктерін бағалау;
  • шифрлау – ақпаратты өңдеу жылдамдығын, кеңістікті ойлау ерекшеліктерін бағалау;
  • шиеленіскен сызықтар  - зейін қою мен оның тұрақтылығын бағалау;
  • Стандартты көпфакторлы зерттеу әдісі – жүйке-психикалық тұрақтылықты анықтау.

Тексеру және жиналған балдар жиынтығының нәтижесі бойынша сарапшы қорытынды шығарады:

  • үміткер жинаған балл +300 және одан көп болған жағдайда – бірінші кезекті топта оқытуға ұсынылады;
  • үміткер жинаған балл +100-ден +300-ге дейін болған жағдайда – екінші кезекті топта оқытуға ұсынылады;
  • үміткер жинаған балл +100-ден кем болған жағдайда – оқытуға ұсынылмайды.

Сараптамалық шешімге авиациялық медициналық сарапшы қол қояды.

Ұсынымдық нәтижесі бар тексеру картасын алған кезде конкурстық кезең өтілді деп есептеледі.

 

3) Конкурстың барлық іріктеу кезеңдерінен сәтті өткеннен кейін үміткер «Қазаэронавигация» РМК Авиациялық медициналық орталығына медициналық куәландыруға жіберіледі.

Медициналық куәландыру Авиациялық медициналық орталықта «Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясында медициналық куәландыру және қарап-тексеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 05 маусымдағы № 324 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2017 жылғы 11 шілдеде №15325 тіркелген) талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Авиациялық медициналық орталықта медициналық куәландыруға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды тұлғалар жіберіледі.

Авиациялық медициналық орталықта медициналық куәландырудан сәтті өткен үміткерлерге әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчеріне оқытуға жарамдылығы туралы «3-класты медициналық сертификат» беріледі, ол қабылдау комиссиясына ұсынылады. Денсаулық жағдайы бойынша жарамсыз деп танылған үміткерлер конкурстан шығарылады.

 

4) Бірінші үш кезеңнен сәтті өткен үміткерлер әрі қарай әуе қозғалысына қызмет көрсету диспетчерлерін бастапқы даярлау курсына үміткерлерді іріктеу комиссиясы мүшелерімен сұхбаттасуға Астана қаласындағы бас кеңсеге жіберіледі.

5) Үміткерлерді іріктеу комиссиясы үміткерлерді қабылдау және оларды Алматы қаласындағы Кәсіби дайындау орталығына немесе кәсіпорын қаражаты есебінен шетелдік авиациялық оқу орталығына оқуға жіберу туралы түпкілікті шешім қабылдайды.